
Жуырда екі досымның қызу пікірталасына куә болдым.
Бірі Зеленскийді «өз дегенінен қайтпайтын қырсықтығы» мен ымырасыздығы үшін сынайды. Ол әлемдік саясаттың шындығы – мықты мемлекеттер өз талаптарын қояды, ал әлсіздер бұған көнуге мәжбүр, алып державалар арасында амалдап, жағымпазданып, айласын асыруға тырысады деп есептейді.
Оның ойынша, Украина Ресейден әлсіз болғандықтан, соғыспай, Путиннің талаптарына бағынуы керек еді: Еуропамен интеграциядан, НАТО-ға кіруден, украин тілін дамытудан, тәуелсіздігінен бас тартып, бірақ жүздеген мың адамның өмірін сақтап, соғысты болдырмауға тырысуы қажет еді. Оның ойынша Украина Батыс пен Ресейдің арасында шебер маневр жасай алатын еді.
Ол мысал ретінде Екінші дүниежүзілік соғыста Францияның Гитлерге дерлік қарсылықсыз берілгенін келтіреді. Иә, француздар әлем алдында масқара болды, қалаларында фашистерді төзімділікпен қабылдап, оларға қызмет етті, олар үшін жұмыс істеді. Бірақ, соның арқасында олар Кеңес Одағы мен Польша сияқты миллиондаған адамынан айырылмады, қалалары мен мәдени мұраларын бомбалаудан сақтап қалды.
Екінші досым оған былай деп жауап берді: егер Екінші дүниежүзілік соғыста барлық елдер Франция секілді тізе бүккенде, фашистік идеология әлі күнге дейін өмір сүрер еді, ал біз бәріміз арийлердің құлы болар едік. Фашизмді жеңу тек Кеңес Одағының ерлігі мен беріктігінің, сондай-ақ француздардың, поляктардың, норвегтердің және басқа да халықтардың қарсылығының арқасында мүмкін болды. Дәл осы себеппен фашистік індет тоқтатылды.
Қазір Украина ресейлік империализмнің алғашқы соққысын өзіне алды, дәл сол Польша бір кездері гитлерлік фашизмнің алғашқы соққысын қабылдағандай. Бүкіл әлем оған алғыс айтуы керек және барынша көмек көрсетуі тиіс.
Ал егер біз әлі де «кім мықты – сол қожа» деген жабайы қағиданы ұстансақ, онда қазіргі әлемде халықаралық құқық пен дипломатияның қажеті қанша? Демек, ірі державалар күштілік құқығымен көрші елдерді жаулай беруіне болады ма? Александр Македонский, Юлий Цезарь, Шыңғысхан секілді? Сонда адамзат үш мың жылдық дамуын жоққа шығарып, тағы да алғашқы қауымдық заңдарға оралғаны ма?
Екеуі әлі де дауласып жүр. Бірі адам өмірі бәрінен қымбат десе, екіншісі абырой мен әділдік маңызды дейді.
Ал сіз қалай ойлайсыз?
COMMENTS