Біздің қонақжайлылығымыз еліміздің шекарасынан тыс жерлерге дейін кеңінен танымал. Бұл дәстүр ежелгі көшпелі заманнан бастау алады. Қазақтар ұзақ уақыт бойы жеке-жеке өмір сүріп, басқа отбасылардан алшақта жүретін. Мұндай жағдайда кез келген жолаушының келуі – нағыз кереметке тең болатын. Ол өзімен бірге жақын маңнан не алыстан келген жаңалықтарды жеткізіп, қарапайым малшы біле бермейтін оқиғалар мен құбылыстар туралы айтып беретін. Қонаққа деген қызығушылық пен құрмет қазақтардың санасына терең сіңген.

Қазақтардың қонақжайлылығы тіпті қонақ үйге кірген сәттен-ақ байқалады – бізде қонақтан «неге келдің?» деп сұрау әдетке жат. Алдымен үйге кіргізіп, төрге отырғызып, тамақ пен сусын беріп, күтіп алады. Тек содан кейін ғана, егер қонақ өзі мақсатын айтса, тыңдалады. Ал егер айтпаса, ешкім сұрап мазаламайды.

Қазақ қонақжайлылығы – ұрпақтан ұрпаққа жеткізілуі тиіс ең асыл дәстүрлеріміздің бірі деп ойлаймын.

Comments: 0