
Жұмақ та жоқ, тозақ та жоқ. Өлімнен кейін ештеңе болмайды. Адамның бар болмысы – осы 70-80 жылдық жер бетіндегі өмірі ғана.
Сонда бұл қысқа да қайтарымсыз өмірдің мәні неде? Жауабы қарапайым: біз жарық дүниеге келіп, осы өмірді сүріп жатқан соң, одан барынша ләззат алуымыз керек, оны бақытты өткізуіміз қажет.
Ал бақыт дегеніміз не? Әркімнің бақыты әртүрлі. Біреуге баспана мен дастарханындағы тамағы жеткілікті. Біреуге отбасы құру, бала өсіру, немерелерін көру – бақыт. Тағы біреулер үшін өмірін сүйікті ісіне арнау – бақыттың өзі. Біреулер бақыты атақта, байлықта немесе билікте деп ойлайды. Бірақ барлық жағдайда, бақытқа жалғыз жету мүмкін емес. Біз – әлеуметтік жаратылыспыз, сондықтан өміріміз әрдайым басқа адамдармен байланысты.
Басқалардан жақсылық көру үшін, алдымен өзің бірдеңе беруің керек. Егер адам тамақ пен баспана алғысы келсе, ол еңбек етіп, сол үшін сыйақы алуы керек. Осы табысына тамақ сатып алып, баспанасын төлей алады.
Егер адам отбасынан махаббат пен қамқорлық алғысы келсе, алдымен өзі жақындарына махаббат пен қамқорлығын көрсетуі тиіс.
Достық пен адалдық та осы қағидаға негізделген: достарының сенімі мен қолдауына ие болу үшін алдымен өзі адалдық танытуы қажет.
Атақ, табыс, мойындау – бұлар да айырбас нәтижесі. Адам әуелі жаттығулар мен дайындықтарда тер төгіп, өз талантын халыққа арнап, содан кейін ғана олардың құрметі мен танымалдығына ие болады.
Осылайша, өмірдің мәні – оны бақытты өткізу. Ол үшін адамдардан жақсылық көру қажет. Ал ол үшін алдымен өзің жақсылық жасап, басқалардың өмірін жақсартуың керек. Бақыттың құпиясы қарапайым: өзіңді бақытты ет, айналаңдағы адамдарға жақсылық жаса.
COMMENTS